2 сәуір күні «№1 Смирново орта мектебінде» КММ-де ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау кабинетінің мамандарымен аутизм туралы ақпарат таратудың дүниежүзілік күніне орай мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шаралар кешенін ұйымдастырды.Жыл сайын 2 сәуірде атап өтілетін бұл күннің басты мақсаты -қоғамның аутизм спектрі бұзылыстары бар адамдар туралы хабардарлығын арттыру, олардың ерекшеліктерін дұрыс түсінуге ықпал ету, толерантты көзқарасты қалыптастыру және оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылдауға шақыру. Сонымен қатар, бұл күн инклюзивті білім беру қағидаларын нығайтып, әр баланың тең мүмкіндіктерге ие болуын насихаттайды. Аталған күн аясында мектепте келесі іс-шаралар өткізілді:• оқушылар мен педагогтарға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, аутизм туралы буклеттер дайындалып, кеңінен таратылды. Бұл материалдарда аутизмнің ерекшеліктері, белгілері және мұндай балалармен қарым-қатынас жасау жолдары қамтылды;• «Көк түс — қолдау түсі» атты акция ұйымдастырылды. Акция барысында оқушыларға көк түсті кәмпиттер мен арнайы ленталар таратылып, көк түс аутизмге қолдау білдірудің халықаралық символы екені түсіндірілді;• үзіліс уақыттарында балалармен арнайы ойындар мен жаттығулар өткізілді. Бұл ойындар балалардың бір-біріне деген түсіністігін арттырып, өзгелердің ерекшеліктерін қабылдауға, эмпатия мен мейірімділік танытуға бағытталды;• тақырыптық бейнефильм көрсетілімі ұйымдастырылып, оқушылар аутизм туралы тереңірек мағлұмат алды. Көрсетілімнен кейін талқылау жүргізіліп, балалар өз ойларымен бөлісті;• сынып жетекшілері тарапынан тәрбие сағаттары өткізіліп, онда ерекше балаларға құрметпен қарау, оларды қолдау және достық қарым-қатынас орнату мәселелері талқыланды.Ұйымдастырылған іс-шаралар оқушылардың танымдық деңгейін арттырып қана қоймай, олардың бойында адамгершілік құндылықтарды, жанашырлық пен жауапкершілікті дамытуға ықпал етті. Мұндай бастамалар мектеп ортасында қолайлы психологиялық ахуал қалыптастырып, әр баланың өзін қауіпсіз әрі маңызды сезінуіне мүмкіндік береді. Қорытындылай келе, бұл күн — тек ақпарат тарату күні ғана емес, сонымен қатар қоғамды ізгілікке, түсіністікке және өзара құрметке шақыратын маңызды қадам болып табылады.
2 сәуір -қабылдауды үйренетін күн
