

2025 жылдың 26 қыркүйегінде Аққайың ауданы №1 Смирнов орта мектебінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Тіл үйретудегі инновациялық әдістер: теориядан тәжірибеге» атты облыстық көшпелі семинар өтті.
Семинардың басты мақсаты — тіл үйрету үдерісінде заманауи, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқыту сапасын арттыру, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіру.
Іс-шараға өңірдің тіл мамандары, әдіскерлер қатысты. Атап айтқанда, семинар барысында келесі спикерлер сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті:
- Жанар Бимағамбетова – №1 Смирнов орта мектебінің қазақ тілі мұғалімі;
- Әсел Азат – облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері;
- Айгерім Жандосова – облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері;
- Орал Жанатов – облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары.
Семинар аясында қатысушылар заманауи білім беру технологияларын, цифрлық ресурстарды және интерактивті оқыту әдістерін тиімді қолдану жолдарын қарастырды. Спикерлер нақты мысалдармен, авторлық әдістемелерімен бөлісіп, тың идеялар ұсынды.
Шара соңында қатысушылар осындай семинарлардың практикалық пайдасы зор екенін атап өтіп, алдағы уақытта да мұндай кездесулердің жиі ұйымдастырылуына ниет білдіріп барлық мұғалімдер сертификат алды.
