

Смирнов №1 орта мектебінде 6 «А» сыныбында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Урдабаева И.Д. «Weather conditions» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақ оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамытуға, тақырып бойынша сөздік қорын кеңейтуге және ағылшын тілін үйренуге қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Сабақтың негізгі мақсаты – оқушылардың «Ауа райы» тақырыбы бойынша лексиканы ауызша және жазбаша сөйлеуде қолдану қабілетін қалыптастыру, сондай-ақ тыңдалым, айтылым және ақпаратпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту болды. Қойылған мақсаттарға жету үшін мұғалім заманауи интерактивті білім беру технологияларын пайдаланды.Сабақ барысында Educaplay, Wordwall және LearningApps сияқты цифрлық платформалар белсенді қолданылды. Осы қосымшалардың көмегімен оқушылар түрлі тапсырмаларды орындады: сөздерді суреттермен сәйкестендірді, сөйлемдер құрастырды, интерактивті сөзжұмбақтар шешті және ойын түріндегі тест тапсырмаларын орындады. Аталған ресурстарды пайдалану сабақты қызықты, көрнекі және динамикалық түрде өткізуге мүмкіндік берді.Сабақ бойы мұғалім тарапынан қолайлы психологиялық ахуал сақталды. Оқушылар өздерін еркін сезініп, қателесуден қорықпай, белсенділік пен бастамашылдық көрсетті. Бұл оқу материалын тиімді меңгеруге және пәнге деген қызығушылықты арттыруға ықпал етті.
Ашық сабақтың қорытындысы бойынша қойылған мақсат толығымен орындалды деп айтуға болады. Оқушылар «Weather conditions» тақырыбы бойынша лексиканы жақсы меңгеріп, алған білімдерін тәжірибеде қолдана алатынын көрсетті. Интерактивті оқыту әдістерін пайдалану өз нәтижелілігін дәлелдеп, сабаққа қатысқан әріптестер тарапынан оң бағаланды.
